«Дуалды оқыту жүйесі бойынша өндірістік тәжірибені ұйымдастыру»

«…Біз техникалық мамандарды даярлау жүйесін максималды түрде дамытуымыз қажет. Техникалық және кәсіптік білім инвестициялық саясаттық басты бағыттардың бірі болуы керек. Германия, Канада, Австралия және Сингапур тәжірибесіне сүйене отырып техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарды даярлау барынша бірлескен орталықтарды құруымыз керек. Олар барлық мемлекет үшін техникалық және кәсіптік білім жүйесінің моделі болуы тиіс».
«Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын игеру керек. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріңе жарайды» деген елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Ел  экономикасының  қарыштап дамып, бәсекелестікке  төтеп  беруі  үшін сапалы  маман  қажет. Білім ордамызда білікті, еңбек нарығында  бәсекеге қабілетті, қызметінің ұқсас салаларына да бағдарланған, үнемі кәсіптік өсуге дайын, әлеуметтік және кәсіптік бейімділігі жоғары мамандарды дайындау үшін жағдайлар жасауға бағытталған.
ТжКб жүйесіндегі оқу орындарының басты проблемасы өз мамандығы бойынша студенттердің жұмысқа орналасу процентінің төмендігі болып табылады. Проблеманың шешімі дуалды оқыту жүйесін енгізу болып саналады. Дуалды оқыту элементтерін пайдалану оқу процесінде теория мен практиканы қиыстыруға мүмкіндік береді. Екі деңгейлі практика дуалды оқытудың элементі ретінде барлық қатысушы тараптардың қызығушылығын қанағаттандырады. Оқу орындары мен өндіріс орындарының мамандарды даярлау сапасына бірдей жауапкершілігі болады. Дуалды оқыту жүйесінің өндіріс орындары үшін тиімділігі – бұл өздеріне маманды даярлау, жұмысшыларды іздестіру мен іріктеу, оларды қайта үйрету мен адаптациялауға кеткен шығындарын азайту. Ал білім алушылар үшін – бұл шынайы өндіріс шарттарына түлектерді адаптациялау және оқуды мамандық бойынша аяқтағаннан кейін табысты жұмысқа орналасу мүмкіндігінің кеңеюі.
Дуалды оқыту жүйесінің ерекшелігі – кәсіби оқытудың көп бөлігі оқу орнында емес, керісінше кәсіпорындарда өтуінде. Осы аталған жүйе студенттердің тікелей кәсіпорында 70-80% уақыт, ал колледжде тек 20-30% оқуын ұсынады. Колледж студенттері кәсіпорында практикант есебінде жұмыс атқарады, оларға еңбек ақысы тағайындалады. Оның сол кәсіпорында жұмысшы ретінде қалуы міндетті емес, бірақ алған кәсібімен жер-жерде жұмыс жасауына болады.

Атырау сервис колледжінде дуалды оқыту элементтерін енгізудің мақсаты  – тиімді қарым-қатынасты дамыту, заманауи кәсіпорын талаптарына сәйкес   мамандардың кәсіби білімі мен дайындықтарын көтеру.
Бәсекеге қабілетті мамандарды кәсіби дайындау жүйесін жетілдіру   «Өнерпаз» ЖШС, «Ренессанс-Атырау» ЖШС, ЖК «Шарапиева», «Замангрупп» ЖШС-нің өндірістік алаңдарында дуалды оқыту жүйесін ендіруден басталды. Бұл кәсіпорындармен меморандум мен келісімшарттар бекітілген болатын.
Дуалды оқыту жүйесі бойынша өз тәжірибемнен айтып кететін болсам, менің қарамағымдағы «Аспаз-35» тобының 3-курс  студенттері 1-ші курстан бері осы жүйе бойынша оқып келеді. 2-курста студенттер бекітілген кәсіпорындарда технологиялық практикадан өткен болатын. Олардың оқу процесі бұлай бөлінді: 2 күн – теориялық оқуға, 4 күн практикалық оқуға негізделді. Практикалары өндірістік оқу сабағы ретінде тікелей кәсіпорын өндірісінде өткізілді. Кәсіпорын ішінен әрбір студентке тәлімгер бекітілді. Бұл үшін, жоғарыда айтылып өткендей, әлеуметтік серіктестермен үш жақты келісімшарт және меморандум бекітілген болатын.
Аптасына бір рет практика орындарына барып, өндірістік оқудың өту барысын қадағалап жүрдім. Практиканттар кәсіпорынның әр бөлімінде кезегімен жұмыс атқарып, қыр-сырын біліп, үйренуге тырысты. Қандай кәсіпорын болмасын, практиканттары жөнінде, яғни, топ студенттері жайында жақсы лебіздерін айтты. Кәсіпорын қызметкерлері студенттердің жас ерекшеліктерін ескеріп, олармен кәсіби жақсы қарым-қатынас орнатылғанын аңғарған едім.

Қазіргі таңда «Аспаз-35» колледжді бітіруші топтың бірі. 3-курста өндірістік практиканы ЖШС «Ренессанс-Атырау», ЖШС «Армата Кейтеринг», «Гермес Zeera», ЖШС «Шагала Менеджмент», ЖШС «Шарапиева» т.б сынды кәсіпорындарда өткен болатын. Студенттердің практикасы еңбекақымен өтеліп отырды, еңбекақы көлемі 20000-нан 90000 теңге көлемінде. Топ ішінде 5 студент практика өткен кәсіпорында тұрақты жұмысқа қабылданған еді.


Жарияланды: 07.06.202212:31

Автор: