ДУАЛДЫҚ ОҚЫТУ
«…Біз техникалық мамандарды даярлау жүйесін максималды түрде дамытуымыз қажет. Техникалық және кәсіптік білім инвестициялық саясаттық басты бағыттардың бірі болуы керек. Германия, Канада, Австралия және Сингапур тәжірибесіне сүйене отырып техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарды даярлау барынша бірлескен орталықтарды құруымыз керек. Олар барлық мемлекет үшін техникалық және кәсіптік білім жүйесінің моделі болуы тиіс».
«Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын игеру керек. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріңе жарайды» деген елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
«Ұлт жоспары – 100 нақты қадамды» жүзеге асыру аясында, еңбек нарығы талаптарына сай техникалық және кәсіптік білім жүйесінде білікті мамандар даярлауда. Ел экономикасының қарыштап дамып, бәсекелестікке төтеп беруі үшін сапалы маман қажет. Білім ордамызда білікті, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, қызметінің ұқсас салаларына да бағдарланған, үнемі кәсіптік өсуге дайын, әлеуметтік және кәсіптік бейімділігі жоғары мамандарды дайындау үшін жағдайлар жасауға бағытталған.
ТжКб жүйесіндегі оқу орындарының басты проблемасы – өз мамандығы бойынша студенттердің жұмысқа орналасу процентінің төмендігі болып табылады. Проблеманың шешімі – дуалды оқыту жүйесін енгізу болып саналады. Қазіргі кезде әлемде оқытудың дуалды жүйесі – техникалық және кәсіптік мамандар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі болып табылады. Дуалды оқыту элементтерін пайдалану оқу процесінде теория мен практиканы қиыстыруға мүмкіндік береді. Екі деңгейлі практика дуалды оқытудың элементі ретінде барлық қатысушы тараптардың қызығушылығын қанағаттандырады. Оқу орындары мен өндіріс орындарының мамандарды даярлау сапасына бірдей жауапкершілігі болады. Дуалды оқыту жүйесінің өндіріс орындары үшін тиімділігі – бұл өздеріне маманды даярлау, жұмысшыларды іздестіру мен іріктеу, оларды қайта үйрету мен адаптациялауға кеткен шығындарын азайту. Ал білім алушылар үшін – бұл шынайы өндіріс шарттарына түлектерді адаптациялау және оқуды мамандық бойынша аяқтағаннан кейін табысты жұмысқа орналасу мүмкіндігінің кеңеюі.
Осы орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, мемлекеттік-жекеменшік серіктестігінің алғашқы Теміртау форумының ұсынысына сәйкес, Атырау сервис колледжінде дуалды оқыту жүйесі енгізілді. Дуалдық оқыту жүйесін енгізген барлық ТжКББ ұйымдары кәсіпорынмен және аймақтық кәсіпкерлік палатамен үш жақты келісімшартқа қол қойды.
Колледжде мақсатқа бағытталған оқу-тәрбие жүйесі қалыптасқан. Колледж жылдың негізгі мәселелерін шешуге және Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың кешенді-мақсатты бағдарламасына сәйкес құрылған ортақ жоспар бойынша жұмыс жасайды.
Әлеуметтік серіктестік жөніндегі келісім шартқа үш жақты қол қою, теория мен тәжірибені үйлестіру арқылы білікті мамандарды даярлауды қамтамасыз етеді.Осындай жолмен, біздің колледжде дуалды оқыту жүйесін іске асыру сервис колледжі мен кәсіпорындар арасындағы нәтижелі серіктестікті жолға қоюға ықпал етіледі.
Студенттер тәжірибеден өту орнына олардың уақытын, жол қаражатын үнемдеу мақсатында тұрғылықты мекен-жайын есепке ала отырып орналастырылады. Әлеуметтік серіктес кәсіпорындар тәжірибеден өтуші студенттерге тәжірибеден өткені үшін жұмыс уақытына сәйкес еңбекақы төлейді.
Колледжде білім беру типтік және жұмыс оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сай жүргізіледі. Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің 15.06.2015ж. №384 бұйрығы негізінде жаңа типтік оқу жоспарына сәйкес колледжде «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы, «Аспаз» біліктілігі бойынша жұмыс оқу жоспары құрылды. Онда оқу уақытының 40% – теориялық оқуға бөлінген, ал, 60% – өндірістік оқыту мен өндірістік тәжірибеге арналған. Нақтырақ айтар болсақ, әрбір аптаның дүйсенбі және сейсенбі күндері – теорияға, ал қалған жексенбіден басқа күндер – практикаға бөлінген болатын.
«Аспаз» мамандығы бойынша 8 кәсіби модуль құрылды:
Модуль 1 – Көкөністер мен саңырауқұлақтарды өңдеу. Көкөністер және саңырауқұлақтардан дайындалған тағамдар мен гарнирлер.
Модуль 2 – Қамыр және оның түрлері. Ұннан дайындалған бұйымдар.
Модуль 3 – Ет және ет өнімдерін өңдеу. Ет және ет өнімдерінен дайындалған тағамдар.
Модуль 4 – Балық және балық өнімдері. Балық және балық өнімдерінен дайындалған тағамдар.
Модуль 5 – Жарма, жұмыр кеспе, жұмыртқа және сүзбеден дайындалған тағамдар мен гарнирлер.
Модуль 6 – Көже және тұздықтардың дайындалуы.
Модуль 7 – Тәтті тағамдар мен ыстық сусындардың дайындалуы.
Модуль 8 – Салқын басытқылардың дайындалуы.
Модульдің тақырыптарына сәйкес өндірісте тағам дайындау технологиясын іс-тәжірибе жүзінде үйренеді. Әрбір 2-3 студентке кәсіпорыннан бір тәлімгерден бекітіледі. Тәлімгер болашақ мамандарға өндірістегі технологиялық процесті, мамандықтың қыр-сырын үйретеді. Студенттер кәсіпорында ұйымдастырылған бөлімдердің бәрінен тәжірибе алып шығады. Яғни, ашытқылы қамыр, кондитерлік бұйымдар, қабатталған қамыр, салқын тағамдар, тұздықтар, ыстық екінші тағамдар, т.б. дайындауға арналған цехтарда құрылған кесте бойынша, әр екі апта сайын кезектесіп жұмыс атқарады.
Өндірісте практикадан өтуіне байланысты әрбір студентке жеке күнделік – есеп құрылды. Күнделік – есепте 8 модульдің тақырыптары көрсетілген. Әр тақырыптың тұсына, студенттің атқарған жұмысына байланысты, тәлімгер баға мен қолын қойып шығады. Ал студенттер өз тарапынан, күнделікті кәсіби модульдерге сәйкес жинақтаған рецептілер жинағымен толықтырады. 8 модуль аяқталған соң күнделік – есептің соңғы бетіне кәсіпорын әкімшілігі әрбір студентке мінездеме береді.
Колледжде әрбір модуль соңында студенттер аралық бақылаудан өтеді. Яғни, нақты модуль бойынша бірінші күні – компьютерде тест сұрақтарына жауап береді, ал екінші күні – оқу цехтарында модуль бойынша тағамдар әзірлейді. Топтың өндірістік оқу шебері студенттің жұмыс барысында қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтауын, жұмыс орнын ұйымдастыра білуін, тағамды дайындау технологиясын бұзбауын, жұмыс жасау техникасын ескере отырып, дайындаған тағамдарын бағалайды. Бұдан басқа, өндірістік оқу шебері практика орындарына барып, студенттердің еңбек және тәртіптік дисциплинаны бұзбауын, қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтауын, жұмыс процесін дұрыс атқаруын қадағалап, тексереді.
2016-2017 оқу жылында «Аспаз-34» және «Аспаз-35» тобының студенттері қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарында дуалды оқыту жүйесі бойынша өндірістік оқу сабақтарынан өтуде. Кәсіпорындарда студенттер қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаудан өтіп, жұмыс орындарындағы еңбекті қорғау шарттарымен танысты. Мамандыққа сәйкес, бірінші тағам; екінші тағам; тұздықтар; балық, ет және құс тағамдары; салат және винегреттер; көкөністен дайындалған тағамдар; салқын тағамдар мен басытқылар; ыстық және салқын сусындарды технологиялық карталардың көмегімен дайындауды, қамыр түрлерін үйреніп, олардан әр түрлі бұйымдар әзірлеуді, сондай-ақ, өздігімен әсемдеуді, тағамды ұсынуды іс-тәжірибе жүзінде үйренуде.
Дуальды жүйе бойынша оқыту білім алушылардың кәсіби біліктер мен дағдыларды, іскерліктерді тікелей жұмыс орнында меңгеріп, жан-жақты кәсіби дамуына мүмкіндіктер беріп, түрлі жүйелердің – білім, ғылым, өндірістің – өзара байланысын, өзара әсерін қамтамасыз ету арқылы кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын арттыратындығы сөзсіз. Колледж студенттері жұмыс берушілерге толық дайын болып барады және олар өндірісте өздерінің дағдысын тек тереңдете, шыңдай түседі. Білім мекемелерімен етене араласқан жұмыс берушілер өздеріне қажетті мамандарды сол колледждің қабырғасынан-ақ, өздері атсалыса отырып, даярлайды.