«Дәуірдің жарық жұлдызы» атты шара туралы мәлімет
Атырау Сервис колледжінде Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Дәуірдің жарық жұлдызы» атты шара өтті.
Қазақтың біртуар ұлы,көрнекті қоғам қайраткері, ақын, жазушы,аудармашы, сегіз қырлы бір сырлы,қазақтың бес арысының бірі де бірегейі – Ахмет Байтұрсынұлының өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын жас ұрпаққа өнеге ету мақсатында мәнді де мағыналы шараны оқу орнының қазақ тілі және әдебиеті пәні оқытушылары Гүлзия Беккалиқызы мен Нұргүл Бергенқызы ұйымдастырды.
Шара барысында Ахмет Байтұрсынұлының қазақ халқы үшін жанын құрбан еткені жайында, оның «халық жауы» деген жаламен айыпталып,қайта-қайта түрмеге қамалғанын, ату жазасына кесілген қиын тағдырын,жары Бадрисамен арасындағы сыйластықты колледж студенттері Бостанова Лунара, Ардақ Жанарыс,Әмірхан Ерқанат, Рамазанов Ерасыл шебер сомдап, көпшіліктің көңілінен шығып,ризашылығына ие болды. Кеште Ахметтің «Маса», «Қырық мысал», «Үзік» жинақтарынан Жолдасова Дильназ, Бостанова Лунара өлеңдер оқып, И.Крыловтан аударған «Маймыл мен айна», «Малшы мен маса», «Өгіз бен бақа», «Маймыл мен көзілдірік» мысалдарының кейіпкерлерін Қуанышұлы Айтжан, Сапарғали Шұғыла, Удерова Дильназ,Ихсанова Айнара,Бахтияр Нұрлан шебер сомдап,тәрбиелік мәні мен маңыздылығын жеткізе білді.
Сонымен қатар қазақтың күйлерін Айбарұлы Альдияр мен Жұмалы Мадияр шертіп, ана, туған жер тақырыбында Ораз Марта әндер айтып, Ахаңның домбыра тартып, ән шырқағандығы туралы қызықты деректермен кеш жүргізушісі Гулзия Беккалиқызы мәліметтер беріп, таныстырып отырды.
Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығы қазіргі және келер ұрпаққа мәңгілік өнеге болып қала берері сөзсіз.