Атырау сервис колледжінде «Жалын» атты дебат клубы бар. Аптаның жұма, сенбі күндері студенттерге өткізіліп отырады.
Атырау сервис колледжінде «Жалын» атты дебат клубы бар. Аптаның жұма, сенбі күндері студенттерге өткізіліп отырады. Пікірталас турнирінің негізгі мақсаты – елімізде етек алған өзекті мәселелерді бірлесе, қоғам болып талқылау арқылы оқу орындарында білім алып жатқан студенттердің белсенділігін арттыру.
Клуб мүшесінде 20 адам бар.Дебат –студенттердің өз ойын ашық, емін –еркін жеткізуіне жағдай жасайды. Себебі еліміздіңәр азаматы мен азаматшасы өз ойын айтуға толық құқылы екенін айта кеткен жөн. Өз ойын ашық айта алмайтын, сабақ айтқанда ұялшақтап, оқыған дүниесін ұмытып қала беретін жасөспірімдер бар. Сондай балаларға жол көрсеткіш болсын деп, дебат өнерінің қыр-сырын меңгерген, Аспаз мамандығының ІІ курс студенті, пікірсайысшы Млбаев Замирмен сұхбаттастық. Ол –Атырау сервис колледжі жанынан құрылған «Жалынды жастар» дебат клубының президенті.
– Пікірсайыс деген сіз үшін не?
– Пікірсайыс – ойын-сауыққа жақын интеллектуалды ойын. Жастардың жан-жақты дамуы үшін пікірсайыс өте қажет. Ойын жүйелі, қысқа да нақты жеткізуге үйренеді. Өмірге, қоршаған ортаға сын көзбен қарап, оның дамуына үлес қосуға итермелейтін күш. Сондықтан қазір пікірсайысқа жастардың оң көзқарасы қалыптасқан.
– Пікірсайысшы қандай болуы керек? Әдетте пікірсайыс клубына келген жастардың жартысы бір сәтсіздіктен кейін келмей қалып жатады емес пе?
– Пікірсайысшы кез келген тақырыпты еркін игеріп, өзінің ой-пікірін шешендік қабілеті арқылы көпшілікке жеткізе алатын адам. Біздің клубымызда жүз түрлі тақырыпқа пікірсайыс өткізген ойыншылар бар. Олар әрқашан ізденіп жүруі керек. Жапондар өзгелердің қателігінен сабақ алса, біз өз қателігімізден ғана сабақ алатын халықпыз. Сондықтан алғашында сүрініп жатса, оған жетістікке жетелейтін алғашқы баспалдақ ретінде қарау керек. Алдымен бастаған ісіңді тастамау керек. Бұл пікірсайысшыға ғана керек қағида емес, өмірдің сынақтарында жеңімпаз болып, тік тұрудың алтын ережесі.
– Пікірсайысшы оптимист болу керек пе?
– Адамдар оптимистерді мақтап, пессимистерді жамандап жатады. Бізге бұл екі қасиет те қажет. Мысалы, оптимистер ұшақты жасаса, пессимистер парашют жасады. Оптимистер пайдасын, артықшылығын айтады, пессимистер кемшілігін табады. Пессимистер проблеманы табушы, ал оптимистер оны шешуші. Оптимист бірінші «алақайлап» айғайлайтын адам емес. «Қап, әттеген-айды» соңынан айтатын адам. Оптимист ақшасы жоқ бола тұра іс бастап, табысқа жететін, ал пессимист ақшасы бола тұра банкротқа ұшырайтынын ойлап, кештеу қимылдайтын адам. Пессимист – біраз нәрседен хабардар оптимист деген сөз. Біздің бойымызда осы екеуі де болғаны жақсы. Тек бір-бірін толықтырып тұрса ұтылмаймыз.