Инклюзивті білім беру

Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту – заман талабы

Атырау облысы білім беру басқармасының «Атырау сервис» КМҚК колледжі ұжымының білім беру қызметтерін жаңғырту аясында «Өз кәсібін жетік меңгерген білікті кадр даярлау» миссиясына сәйкес айқындалған міндеттері мен мақсаттары бар.

Атырау облысы білім беру басқармасының “Атырау сервис колледжі” КМҚК 2019 жылдан бастап колледжде инклюзивті білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда. Ондағы мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды оқыту және кәсіби даярлауда кедергісіз орта құру болып табылады. Биылғы оқу жылының соңында есту қабілеті нашар оқушылардың алғашқы легі түлеп ұшпақшы. Біздің колледжде “Тігінші” мамандығы бойынша топтың ашылу себебі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кәсіптік білімнен шет қалдырмау мақсатында қолға алынған еді. Бұл жағдайда, сапалы біліммен қамтамасыз ету үшін сурдоаудармашының көмегі өте қажет.

ҚР Білім туралы Заңының 1 -тарау, 1- бап, 21-4 тармақ “Инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке-дара мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылардың білім алуына тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін процесс» талаптарын іске асыру мақсатында  2019-2020 оқу жылында “Атырау сервис колледжіне” аталған топ оқуға қабылданды.

Ол үшін ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған «Талап» КЕАҚ құрған оқу жұмыс жоспарларының негізінде, колледжде «Тігін өндірісі және киімді үлгілеу» мамандығы үшін 121103 2 «Тігінші» біліктілігімен, орта білімсіз, 1 жыл 10 ай оқу мерзіміне арналған оқу жұмыс жоспарлары мен оқу жұмыс бағдарламалары құрылды.

«Есту бойынша мүгедектігі бар студенттерді оңалту Тұжырымдамасына” сәйкес колледж ұжымы студенттер денсаулығын сақтауға, функционалдық бейімдеуге, білім беру үдерісін кәсіби тұлғалық-бағдарлы тұрғыда сүйемелдеуге, ақпараттық қамтамасыз етуге, мүгедектерді әлеуметтік-мәдени оңалтуға бағытталған үлкен түзету-білім беру жұмысын жүргізуде.

Колледжде білім беру процесі психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның ұсынымдарын ескере отырып, сараланған және жеке тәсілдер қағидаттары негізінде жүзеге асырылады:

жеке білім беру бағдарламалары әзірленді;

арнайы техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді (есту қабілеті бұзылған оқушылар үшін);

оқушыларды оқыту процесін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз ету үшін, психолог, сурдоаудармашы, әлеуметтік педагог қызметкерлер үшін арнайы жабдықталған кабинеттер құрылды.

Сабақтарда оқытушылармен қатар, студенттерге жаңа материалды ым-ишарамен түсіндіріп, жетік меңгеруіне көмектесетін кәсіби сурдоаудармашы жұмыс істейді.

Есту қабілеті бұзылған бірінші курс студенттерінің бейімделуі олардың оқу үдерісіне бейімделуін ғана емес, сонымен бірге есту қабілеті қалыпты студенттермен интеграциясын да қамтиды. Интеграцияның сәтті өтуі үшін біздің колледжде қажетті жағдайлар жасалып отырады және өзара қарым-қатынасты қалыптастыру бойынша мақсатты жұмыс жүргізіліп келеді. Интеграция тұрғысынан колледждің сабақтан тыс іс – шаралары үлкен маңызға ие. Бұған мысал -әр түрлі конкурстар мен мерекелік концерттерді дайындау және өткізу барысында естімейтін және еститін студенттердің өзара бірлескен әрекетін алуға болады.

Есту қабілеті бұзылған адамды мамандыққа үйрету дегеніміз-оған өзін тұлға ретінде сезінуге, өмірде өз орнын табуға көмектесу.

Колледж білім алушыларын білім сапасымен қамтамасыз ету және оларға қатысу жөніндегі іс-шаралар кешені әкімшілік тарапынан академиялық орта құру үдерісінің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады және оған осындай білім алушыларды жан-жақты тартады:

– 1211000 “Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу” мамандығы бойынша 1-2 курс білім алушыларының тігін өнері бойынша арнайы пәндер оқытушысы Г. Н. Амангельдиева және өндірістік оқыту шебері М. Б. Айтжановалардың өткізген шеберлік-сабақтарына қатысуы.

– 2019 жылғы әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы бойынша ТШО-дағы есеп беру жиналысы – “Қолтаңба шеберханасы” “Мүгедек Әлемі” әлеуметтік жобасы, осы жоба шеңберінде «Атырау сервис колледжі» үш жыл бойы есту қабілеті бұзылған студенттерді құрақ тігуді игеруге тарту және мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған жоба бойынша серіктес болып табылады.

– 2019 жылдың желтоқсан айында жұмысшы мамандықтар арасында колледжішілік “WORLDSKILLS-2019” жастар чемпионаты өткізілді. Колледжде оқитын барлық жұмысшы мамандықтар чемпионатқа қатысты. Екі күндік чемпионат қорытындысымен марапаттау рәсімі өткізіліп, 1211000 “Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу” мамандығы бойынша есту қабілеті бұзылған студенттер Саинова Лаура, Кожакова Шынар, Сулейменова Перизат, Таджекенова Зульфия алғыс хаттармен және дипломдармен марапатталды.

 

Бос уақытында есту қабілетінен айырылған студенттер музыка тыңдағанды ұнатады, олар ырғақты естиді дейді. Сіз саңыраулардың “ән салғанын”көрдіңіз бе? Бұл керемет! Саңыраулар үшін ән сөздер мен музыка емес, бұл бір ғажайып оқиға, түрлі эмоциялар палитрасы. Олар жанымен ән айтады. Бұл жерде тамшыдай да жасандылық жоқ. Олар барлық осы эмоцияларды қимылмен орындайды, шебер жеткізеді. Біздің колледжде “Стимул” ымдау ән мен би студиясы бар. Онда балалар өздерінің орындау шеберліктерін шыңдайды. Колледждер арасындағы адалдық тақырыбына жастар арасындағы чемпионатқа қатысып, 1-ші орынға ие болды.

Бұл студенттердің барлығы да колледждің барлық мәдени шараларына белсенді атсалысады.


Жарияланды: 25.04.202213:21

Автор: